13
мамыр
2024
Еркінқызы Бағлан
«Менің мамандығым маған бақыт сыйлайды, әрбір оқушыларымның жеткен жетістігі-менің мамандығыма деген сүйіспеншілігімнің дәлелі іспеттес» деп ұстаздық мамандықты бастауыш сынып мұғалімі Бағлан Еркінқызы ең ұлы мамандық санайды. Өмірде әр адам үшін мектеп табалдырығын аттағанда алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын тануға, оның сан қилы құбылысын терең ұғынуға мұрындық болып, жан дүниесіне нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілік қасиеттерге баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары сөзсіз. Одан бөлек білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанаттандыруға сүбелі үлес қосатын ұлағатты ұстаздардың бейнесі еш ұмытылмайды, еңбегі ескерусіз қалмайды. Себебі, ұстаздың есімі ғана емес, қызметі де ұлы. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» дегендей жер жүзінде барлық адам ұстаздан тәлім-тәрбие алып барып, болашаққа қанат қағады. Ең мықты мамандық иегерінің де үйретушісі, әріп танытушысы – мұғалім. Сондықтан ¬Ыбырай Алтынсарин айтпақшы «Мұғалім – бәрінен қымбат».